8(7112) 22-85-97

Ұлдар тәрбиесі

«Азамат» ұлдар клубы

Мақсаты:
Ер балалар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, спорттық іс-шараларға қатыстыру арқылы салауатты өмір сүру салтын насихаттау, өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім орната отырып, бүгін мен болашаққа деген жауапкершілікті қалыптастыру.

Құндылықтары:
Өскелең жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік әлеуетті қалыптастыру және әкелер, ағалар ықпалы нәтижесінде ер балалардың азаматтық белсенділігі мен саналылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу.

Күтілетін нәтиже:
Жауапкершілік мен еңбексүйгіштікті қалыптастыруға, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға бағытталған ер баланың жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту.

 

Қазақ отбасындағы ұл бала тәрбиесінің ерекшеліктері

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың қолғанаты болып саналады. Қазақ отбасының тәрбиесінде жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуіне үлкен назар аудара білген. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызады. Дұрыс бағытқа бағдарлау абыройлы әкеге, қадірлі ағаларына байланысты. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін алдарына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсын, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған. Халқымыз ер баланың 12-15 жасынан бастап, оның алдында өмірдің дайындаған талай қиын-қыстау шақтары мен қуанышты сәттері бар екендігін ескере отырып, «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намыстандыратын, «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін, «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деп армандайтын еді халқымыз.

Қазақтың ұлы ойшыл ғұламаларының бірі Ж.Баласағұни өзінің «Құтты білік» дастанында балаға тәрбиені отбасында бер, «ақ маңдайлы ұл-қыз туса, үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма» деп келер ұрпаққа өсиет ете отырып, баланы жас кезінен білім мен өнерге, еңбекке баулу арқылы жаны мен тәні сабақтас жетілген парасатты ұрпақ өсіретінімізді атап көрсеткен. Ата-анасын аялай, құрметтей білген баладан жақсы азамат шығады. «Әкесін аман сақтап қалу үшін жанын қиған ұлдың өлімі – ең бақытты өлім болып табылады» – деген Баласағұнидың ұстазнамалық тұжырымдамасында осындай керемет ойлар жатыр. Шығыстың басқа ұлт өкілдерінің отбасындағы сияқты қазақта дүниеге ұл келсе, тұқымымыздың жалғасы, шаңырақ иесі туды деп ұлан-асыр, ат шаптырып той жасау күні бүгінге дейін сақталған. Дүниеге ұл әкелу әсіресе, әке үшін зор бақыт, үлкен мақтаныш. Қазақта бір кісі қайтыс болса, артында қалған баласы бар ма еді деген сауалы болады. Бар деген жауап естісе, «орнында бар оңалар» деп бата береді. Отбасындағы ер баланың өз орны бар. Мысалы, тұңғыш ұл – кейінгі іні-қарындастарының қамқоршысы, ата-анасының көмекшісі, оған «Ағасы бардың – жағасы бар» деп арқа сүйенген. Кенже ұл – шаңырақ иесі. Басқа балалар енші алып, бөлек отау құрып жатса да кенже ұл әке-шешенің қолында қалады. «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» демекші, ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап жоғары. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой деп мақтайды. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан оң моральдық-психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күйі тікелей ықпал етеді. Қазақта ұлдар әкесі немесе атасының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр.

Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі дей отырып, ұлын қырағы, алғыр, ақылды, парасатты етіп өсіру- әке мен ананың басты  міндеттерінің бірі. Тәрбие - үздіксіз үрдіс, сондықтан ұлағатты ұлдың тәрбиесі де толассыз жүргізілуі қажет.