Тілдер апталығы аясында орай 20 қыркүйек күні №41 мектеп-лицейінде 5-сынып оқушылары арасында тимбилдинг ұйымдастырылды. Ана тілімізді құрметтеуге, дәріптеуге, тіл туралы танымдық деңгейін көтеруге негізделген шараға сынып оқушылары белсенді қатысты.
«Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты тимбилдинг төрт кезеңді қамтыды. Туған тіл жайлы ақын өлеңдерін мәнерлеп өлең оқыған оқушылар бірінші кезеңді бастады. Екінші бөлімде Отан, туған ел туралы дайындап келген әндерін хормен орындады. Жүректері туған жер деп соққан балалар ұйымшылдықпен ән салып, бірлесе өнер көрсетті. Ал келесі кезеңде халық ауыз әдебиетінің үлгілерін сахналап, рөлдік ойын көрсетті. Қазақ тілінің байлығын, тереңдігіне бойлау мақсатында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздерін жатқа айтып, соңғы кезеңге нүкте қойылды. Жас өрендер ана тілін сүюден тынбай,тілдің бағасын арттыра берсе екен деген тілекпен сарапшылар оқушыларды әділ бағалады.