8(7112) 22-85-97

«Батыс Алашорда тарихы - өлке тарихының құрамдас бөлігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Аталмыш дөңгелек үстелге М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. Боранбаева Бақтылы Сансызбаевна қонақ ретінде шақырылды.

Білім мен ғылымды дамытуда кез-келген ұлттың «алтын ғасыры» болады. Қазақ елі үшін осындай алтын ғасыр ХХ ғасырдың алғашқы ширегі. Бұл қазақ ағартушылығының өмірге келген мезгілі. Алайда, қазақ ағартушыларының көрген қуғын-сүргін саясатын басқалай бірде - бір ел басынан кешірген емес. «Оян, қазақ! Өркениет көшінен қалма!» деп ұран көтерген ұлт зиялыларын Кеңес билігі ату жазасына кесіп, түгелдей дерлік жойып тынды. Сондықтан бүгінгі шараның мақсаты - Батыс Алашорда зиялыларының атқарған игі істерін, соның ішінде «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметінің қызметін жас ұрпаққа  таныстыру, содан тағылым алу. 11А сынып оқушылары  Жаһанша және Халел Досмұха­медовтар, Уәлитхан Танашев, Ахмет Мәметов, Молданияз Бекімов, Нұрғали Ипмағамбетов, Иса Қашқынбаев, Бақтыгерей Құлманов, Бижан Жанқадамовтардың Батыс Алашордадағы атқарған игі істерін баяндады. Профессор, өлкетанушы-ғалым Б.С.Боранбаева оқушылардың қойған  сұрақтарына жауап берді. 

Дөңгелек үстел «Тарих –ғасырлар үні» деп аталатын тарих апталығының жоспары бойынша пән мұғалімі Э.О.Орынбасарованың ұйымдастыруымен өтті.