2026 жылғы 1 маусымда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуірі: ІІ Жас зерттеушілер форумы» өтті.
Іс-шара Қазақстан ғылымының қара шаңырағы – Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойымен, Академияның құрылған күні – 1 маусыммен және Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді.
Аталған іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрінің құттықтау сөзін жеткізу мақсатында Оқу-ағарту вице-министрі Сергей Евгеньевич Компаниец, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев, Академияның экс-президенттері, құрметті академиктер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, еліміздің жетекші ғалымдары, жас зерттеушілер мен білім саласының мамандары қатысты. Форумның негізгі тақырыбы – жасанды интеллект дәуіріндегі жас зерттеушілердің рөлі. Қазіргі кезеңде жасанды интеллект білім беру, ғылым, медицина, өндіріс, экология, ауыл шаруашылығы және күнделікті өмірдің барлық саласына қарқынды еніп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың ғылыми ойлауын дамыту, жаңа технологияларды саналы әрі жауапты қолдануға баулу – ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар міндет.
Форумның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев құттықтау сөз сөйледі. Академия президенті өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды жасанды интеллект пен цифрландыру жылы деп жариялауы ғылым саласына жаңа міндеттер жүктейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол форумның 1 маусым күні өтуінің айрықша символдық мәні бар екенін жеткізді: бұл күн – балалар мерекесі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Ғылым академиясының құрылған күні. Аталған форумға Республикалық олимпиаданың жеңімпазы мектеп-лицейіміздің 5 сынып оқушысы Файзулин Ислам (жетекшісі Габдрахманова Бибигуль Демеуовна) қатысты. Ислам биіктерден көріне бер!

