8(7112) 22-85-97

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күнінде аталып өтіледі. 1948 жылы құрылғаннан бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып отыр.

Денсаулық күнін жыл сайын өткізу 1950 жылдан бастап дәстүрге айналды. Бұл күн адамдардың өз өмірлерінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсініп, бүкіл әлемде адамдар денсаулығын жақсарта түсу мақсатында тиісті шешім қабылдаулары үшін өткізіледі.

Мақсаты:  Жас ұрпаққа адам денсаулығының қымбаттылығын, өмір сүру үшін қажеттілігін, бағалы, басты байлық екендігін ұғындыру, денесін шыңдауға, шымыр да шапшаң, ұқыпты да жинақы, талғампаз да қанағатшыл, таза да әдемі болуға тәрбиелеу.

Денсаулықты сақтау үшін пайдалы, адам өміріне зиянын тигізбейтін тағамдарды тұтыну, спортпен шұғылдану қажет, жақсы ұйықтап, таза ауамен демалған да өте пайдалы. Адам денесінің көп бөлігі судан тұрады. Сондықтан күніне кем дегенде бір-екі литр су ішу керек. Денсаулыққа өте қатты зиянын тигізетін ішімдік, шылым және т.б. сол сияқты зиянды заттар жетерлік. Бұндай заттарды мүлде пайдаланбау керек. Майлы, газдалған, қуырылған тағамдарды, жартылай дайын өнімдерді, қантты аз мөлшерде тұтынған жөн. Олардың орнына сүттен, балықтан, еттен жасалған табиғи әрі пайдалы өнімдерді, жеміс-жидекті, көкөністі көптеп пайдаланған дұрыс.

«Дені саудың жаны сау» деген ата-бабаларымыз. Әрбір адам күніне шамамен сегіз сағат ұйықтауы керек. Сонда адам күні бойы көңілді, сергек болып жүреді. Спортпен шұғылдану,  жеке бас тазалығын да ұмытпаған жөн. Спортпен шұғылдансаң, денең ширақ болады, өз-өзіңді  сергек, жеңіл сезінесің. Ал бұндай көңіл-күйдің адам денсаулығы үшін маңызы аз емес. Жеке бас тазалығына келер болсақ, таза жүрген адам көптеген жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупінен ада болады. Халқымыз «Тазалық – саулық негізі» деп бекер айтпаса керек. Әр адамның денсаулығы өз қолында!