12 - сәуір – Адамзаттың ғарышты бағындырған күні. Сондықтан, 1968 жылдан бастап Халықаралық авиация федерациясы бұл күнді Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні деп бекітті. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні деп жариялады.
КСРО 1957 жылдың 4 қазанында «Спутник-1» алғашқы жасанды жер серігін ұшырды. Ал 1961 жылғы 12 сәуірде Мәскеу уақытымен 09.07-де Байқоңырдағы ғарыш айлағынан адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин тізгіндеген «Восток-1» ғарыш кемесі ғарышқа самғады. Осы қос жобаның екеуі де академик Сергей Королев бастаған конструкторлық бюроның жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісі еді. Ресми деректер бойынша 1955 жылғы 2 маусым адамзатқа жеті қат көктің қақпасын ашқан «Байқоңыр» ғарыш айлағының «туған күні» болып есептеледі.
Авиация және космонавтика күніне халықаралық мәртебе 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясының конференциясында берілді. 2011 жылдан бастап оған тағы бір атау қосылды – Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні (International Day of Human Space Flight).
Жер бетіндегі 6 миллиардтан астам адамның қазір 300 – ден астамы ғана ғарышкер атанған екен. Елімізде осынау ғажайып мамандықтың иелері үшеу. Олар: Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, техника ғылымының докторы, профессор Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров, қазақтың екінші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері, техника ғылымдарының докторы, гимнастикадан және ұшақ спортынан КСРО спорт шебері. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасы, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» Талғат Аманкелдіұлы Мұсабаев, Қазақстан ғарышкері, Халық қаһарманы, Алтын Жұлдыз айрықша ерекшелік белгісі, «Отан» орденінің иегері Айдын Ақанұлы Айымбетов.