2021 жылдың 20-мамырында №41 мектеп-лицейінде «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының Ұланбасын ұлықтау рәсіміне арналған салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиын мектеп-лицейдің 1- қабаттағы дәлізінде ұйымдастырылып, жиынға 5, 9 сыныптар, сынып жетекшілер, ұстаздар мен әкімшілік мүшелері қатынасты.
Ұланбасыны ұлықтау рәсімінің ашылуы мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуден басталды. Жасұландықтар мен барша жиынға қатысушылар ҚР-ның туы мен «Жас Ұлан» балалар мен жасқспірімдер ұйымының туына қарап, тіктеліп, Мемлекеттік Әнұран шырқады.Ұланбасыны ұлықтау рәсімі барысында «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі, мектеп тәлімгері Гульден Кайратовна сайлау қорытындысын жариялап, ұйымның жаңа белсенділерін таныстырды. «Жас Ұлан» ұйымының жаңа мүшелері 5-сынып оқушылары жыр шумақтарын оқып, қалған жасұландықтар ұланбасыны ұлықтау рәсімінің куәсі болды.
2019-2020, 2020-2021 оқу жылдары ұланбасы лауазымын атқарған 11 «А» сынып оқушысы Атау Айнұр өткізілген іс-шаралар мен ұйымның жеткен жетістіктері жөнінде есеп беріп, өзінің өкілеттігін, ұйым көшбасшылығын сайлау қорытындысы бойынша жеңіске жеткен 9 «А» сынып оқушысы Адилова Аружанға тапсырды. Дауыс беру бойынша екінші орын алған үміткер Кенжегужина Асем ұйымының ережесі бойынша «Өзін-өзі басқару» ұйымының қатарына еніп, ұланбасының көмекшісі атанды. Жаңа ұланбасы өкілеттікті қабылдаған соң, жиын қатысушылары мен жасұландықтардың алдында ресми түрде ант берді. №41 мектеп-лицейінің директоры Шонбаев Женис Мендигалиевич ұланбасы лауазымын атқарған Атау Айнұрға нәтижелі жұмысы үшін алғысын білдіріп, жаңа ұланбасы Адилова Аружанды құттықтады. Алдағы оқу жылында жүргізілетін ұйымның жұмысына сәттілік тілеп, ұланбасы мен жаңа құрамға сенім білдірді. Жиын соңында №41 мектеп-лицейінің әнұраны шырқалып, жиын салтанатты түрде жабылды.