Мектеп-лицейімізде 1 наурыз «Дүниежүзілік Азаматтық қорғау» күніне орай мектеп ұстаздары мен оқушыларына, қызметкерлерге төтенше жағдайлар орын алған кезде адамдарды қауіпсіз жерге көшіру оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді.
Оқу-жаттығу жұмыстарының мақсаты оқушылар мен мектеп ұжымына төтенше жағдай орын алған кезде немесе терроризм актісі жасалған жағдайдағы әрекеттер туралы түсінік беру, себептері мен зардаптары туралы баяндау, қауіпсіз жерге орналастыру.
Өрттің, төтенше жағдайдың алдын алу әрдайым мектеп-лицейіміздің жауапты мамандарының бақылауында. Сала мамандары жыл сайын жоспарлы түрде тексеру шараларын жүргізіп, шұғыл жағдайлардағы іс-әрекеттерге дайындықты, жауапкершілік пен қырағылықты күшейтуге бағытталған түсіндіру іс-шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Мектеп-лицейіміздің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Е.Насибуллинов, АҚ штаб бастығы А.Утебалиева, АҚ эвакуация бойынша орынбасары Г.Иманиязова мұғалімдер мен оқушыларға төтенше жағдай туындаған кездегі іс-әрекеттерді үйлестіруді, өрт қауіпсіздігі қағидаларының орындалуын, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуымен таныстырды. Сонымен қатар, өрттің тек материалдық залал ғана емес, адам өміріне де үлкен қауіп тудыратынын түсіндірді.
Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде қатысушылар теориялық білім мен өзін-өзі қорғаудың практикалық дағдыларын алды, әртүрлі қауіпті жағдайлар туындаған алдын-алу шараларын үйренді.
Оқу-жаттығу жұмыстарының соңында өрт адам өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке зиянын тигізетін, қоршаған ортаға үлкен материалдық зақым келтіретін тілсіз жау екені түсіндірілді.
Есіңізде сақтаңыз! Қауіпсіздік ережелерін сақтау – өміріңізді сақтап қалудың бірден - бір жолы!