8(7112) 22-85-97

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Күй құдіреті» тақырыбындағы күй сайысы

№41 мектеп -лицейінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз  мерекесіне орай мектепішілік күйшілер сайысы өткізілді. Халық дәстүрін  ұлағаттап, күй өнерінің құдіреттілігін ұрпақ бойына дарыту мақсатында ұйымдастырылған шараға Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры, Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, күйші Нұржан Орынғалиұлы Сертеков шақырылды.

Шара барысы екі бөлімге жоспарланып, бірінші бөлімде  Нұржан Орынғалиұлы сүбелі сұхбат берді. Қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы - күй құдіреті туралы  сыр шертіп, халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін жас өнерпаздарға жеткізе білді.

Екінші кезеңде жоғары және орта топ өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, күй сайысына түсті. Сайыс қорытындысында  жоғары топтан І орынды 9ә сынып оқушысы Оразғали Еркебұлан, ІІ орынды 9а сынып оқушысы Махсот Алихан, ІІІ орынды 8ә сынып оқушысы Марат Жанаділ мен 7в сынып оқушысы Файзолла Сымбат иеленсе, орта топтан І орынды    6ә сынып оқушысы Біржан Әділет, ІІ орынды Ізтай Елхан, ІІІ орынды 5а сынып оқушысы Таңбай Мирлан мен 6а сынып оқушысы Куанышева Аянат алды. Қатысушы алты оқушыға Алғыс хат табысталды.

Күй сайысын ұйымдастырған музыка пәні мұғалімі Ардақ Аубакирқызы күй өнерінде өздерін танытып жүрген  шәкірттерімізге естелік сыйлықтар табыстаса, кеш қонағы Нұржан Орынғалиұлына мектеп-лицей директоры атынан Алғыс хат берілді. Қазақ өнері мәңгі жасасын!