9 сәуір күні Орал қаласы әкімінің кубогы үшін мектеп оқушылары арасында дебат турнирі өткізілді. Оқушылар сарайында ұйымдастырылған турнирдің ашылуына қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов пен Орал қаласы білім еру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова қатысып, қатысушыларға сәттілік тілей отырып, турнир шымылдығын ашты.
Турнирдің ашылу салтанатында дебаттық қозғалыстың үздік спикерлері ашық алаңда еркін форматтағы ұшқыр ойларын ортаға салып, қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов дебат турнирінің маңыздылығын атап, қозғалысты дамытуда жас жеткіншектерге сенім артылатынын жеткізді.
– Ашық ой алаңына қызығушылық танытқан жасөспірімдердің қатары артқаны қуантады. Дебат қоғамда орын алған өзекті мәселелі жағдайларды талдау мен көпшілік алдында талқылау арқылы, сыни ойлау, жүйелеу дағдыларыңызды жетілдіреді. Өз позицияларын сақтап, оны нақты дәлелдермен жеткізу, идея ұсыну – білім мен тапқырлықты қажет етеді. Сондықтан көбірек оқу, ақпараттар ағынын сыни қабылдау мен ұстанымды дәлелді қорғауға деген ұмтылыс маңызды. Өңірде дебаттық қозғалыс 2000 жылдардан бастап дамыды «Ақиқат» пікірталас клубы ашылды. Сол кездің өзінде Оралдың жастары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, республикадағы пікірісайысшылардың алды болды. Осы қозғалыстың одан әрі дамуына сіздер де үлес қосады деп сенемін. Білім бөліміне немесе қала әкімдігіне ұсыныстар да білдіруге болады. Жақсы идеялар болса біз қабылдауға дайынбыз, – деді Мирболат Сағынғалиұлы.
Әкім кубогы үшін ұйымдастырылған турнирге мектеп оқушыларынан 10 фракция жасақталды. Турнир нәтижесінде лиицейіміздің «Ар-ал-Ас» фракциясы-Адилова Аружан, Кенжегужина Асем «Әкім кубогының» жеңімпазы атанды.
Оқушыларымызды құттықтаймыз!